Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

№4 Практикалық тапсырма

№4 Практикалық тапсырма. Практикалық тапсырмаларды орындаңыз:

  1. Кәсіпорын әкімдіктен жолдарды жөндеуге және маңайдағы аймақтарды абаттандыруға мердігерлік алды. Жұмыстар аяқталған соң жолдардың өте нашар жөнделгені, ал абаттандыру жұмыстарының мүлде жасалмағаны белгілі болды. Қала тұрғындары кәсіпорын басшысына жолдарды жөндеуге және маңайдағы аймақтарды абаттандыруға бюджет есебінен бөлінген қаржының жұмсалуы жайлы ақпарат беруге өтініш жолдады. Кәсіпорын басшысы бұл коммерциялық ақпарат деген себеппен, ақпарат беруден бас тартты. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңына сәйкес, бұл кәсіпорын ақпарат иеленушіге жата ма?  Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуы жайлы ақпарат беруден бас тартқан кәсіпорын басшысының бұл әрекеті заңды ма?

Жауап көрсету
(Жауап: Егер жеке коммерциялық кәсіпорын жұмысы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылған болса, оған  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының күші жүреді. Мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген қаржының жұмсалуына қатысты  ақпарат міндетті түрде берілуі керек. Әрине, кез келген коммерциялық кәсіпорында коммерциялық ақпаратқа жатқызылған ақпарат болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген қаржының жұмсалуы туралы ақпарат коммерциялық құпия бола алмайды).

  1. Зауыт өнімдерін өндіргенде зиянды химиялық препараттарды пайдаланады. Ал, оның қалдықтары зауыт шекарасы маңайында орналасқан су қоймасына төгіледі.  Осының кесірінен, жақын орналасқан елді-мекендердің тұрғындары денсаулығына байланысты қиындықтарға душар болып отыр.  Енді тұрғындар зауыт басшысынан емделуге кеткен шығындар және өтемақы төлеуге талап етпекші.  Зардап шеккен халық зауыт басшысының атына  өндірісте пайдаланылған химиялық препараттардың мөлшері, құрамы және қасиеті туралы, сонымен қатар, соңғы жылдары шығарылған қалдықтардың көлемі жайлы  ақпарат беруге өтініш білдірді.  Зауыт басшысы ақпарат беруден бас тартты. Бас тарту себебі – зауыт жеке мекеме болып саналады, зауыттың қызметіне мемлекет қатыспайды және зауыт мемлекет қаржысын пайдаланып отырған жоқ.  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңына сәйкес,  аталған зауыт ақпарат иеленуші қатарына жата ма және зауыт  басшысының бас тартуына құқықтық негіз бар ма?

Жауап көрсету
(Жауап: Бұл жағдайда зауыт ақпарат иеленуші болып есептеледі. Себебі, заңға сәйкес, ол экология саласындағы, азаматтардың денсаулығына, елді-мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы ақпарат иемденген заңды тұлғаға жатады.  Ақпарат беруден бас тарту –  заңсыз. Бұл жағдайда прокуратура немесе сотқа шағым түсіруге болады).

  1. Жеке кәсіпорын білім беру мекемелерінде мемлекеттік бюджет есебінен мектеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастырады. Сапасы оқушылардың да, ата-аналардың да көңілінен шықпайды. Ата-аналардан құрылған белсенді топ бюджет есебінен қанша қаржы бөлінгені  және оның қалай жұмсалып жатқаны жайлы ақпарат алғысы келеді. Бұл жағдайда ата-аналар жеке кәсіпорынға ақпарат беру туралы өтініш жолдай ала ма және жеке кәсіпорын басшысы бұл ақпаратты беруге міндетті ме?

Жауап көрсету
(Жауап:  Заң бойынша, жеке кәсіпорын ақпарат иеленуші болып есептеледі.  Біріншіден,  өз жұмысында  мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген қаржыны пайдаланып отыр. Екіншіден,  кәсіпорын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және азаматтардың денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы ақпарат иеленуші болып саналады. Осы себепті, жеке кәсіпорын басшысы  сұрау салынып отырған ақпаратты беруге міндетті).