Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Кім ақпарат жариялауға және беруге міндетті? Ақпарат иеленушілер және олардың міндеттері

1. Ақпарат иеленушілердің негізгі міндеттері. Ең бірінші өз қызметіне қатысты ақпаратпен мейлінше жылдам, толық әрі жан-жақты бөлісу міндеті.

Ақпарат беруге заң арқылы міндеттелген тұлғалар, органдар т.б. ақпарат иеленуші деп аталады. Олардың ең негізгі міндеті – ақпарат таратудың түрлі әдістері арқылы өз қызметтері жайлы ақпаратты барынша жылдам әрі толық бөлісу. Бұл мемлекеттік билік органдары, мемлекеттік мекеме және өзге ақпарат иеленушілерге қоғам үшін ашық, есепті болуына жәрдемдеседі. Қоғам үшін де үлкен мүмкіндік беріледі. Яғни, осы арқылы азаматтар мемлекет ісіне араласа алады, өз өмірі мен қоғамға тікелей қатысты көптеген ақпаратпен таныса алады

 

2. Ақпарат иеленушілердің санаттары: бұқаралық және коммерциялық. Олар: билік, мемлекеттік мекемелер, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері, өзге заңды тұлғалар және т.б.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңында белгіленген ақпарат иеленушілер:

  • мемлекеттік биліктің, жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының органдары мен мекемелері (министрліктер, агенттіктер, орталық атқарушы органдардың департаменттері мен комитеттері, жергілікті билік органдары – әкімдіктер мен мәслихат, биліктің заң шығарушы органы, құқық қорғау органдары мен сот, прокуратура, әскер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары);
  • мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер (мемлекет алға қойған функциялар мен міндеттерді орындау мақсатында құрылған, мемлекеттік органдарға бағынышты мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен өзге де заңды тұлғалар);
  • квазимемлекеттік сектор субъектілері (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, ұлттық холдингтер және т.б)
  • бюджет қаржысымен қаржыландырылатын заңды тұлғалар (мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалануға қатысты ақпарат үшін). Оған өз қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік тапсырма, мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және т.б. шеңберінде бюджет қаражатын пайдаланатын коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар.
  • Нарық субъектісі болып табылатын, монополист заңды тұлғалар (өздері өндіретін (өткізетін) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларына қатысты ақпарат үшін). Аймақтық және ұлтты деңгейде тауар және көрсетілетін қызметтер нарығындағы монополистік қалыпты иемденген мемлекеттік және мемлекеттік емес коммерциялық кәсіпорындар)
  • Экология саласындағы ақпаратқа, төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, олардың болжамдары мен салдарлары, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және азаматтардың денсаулығына, елді мекендердің және өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге теріс әсер ететін басқа да факторлар туралы ақпарат иемденген заңды тұлғалар.

Олардың кейбіреуінің қызметін толықтай түсіндіру керек. Мысалы, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне кімдердің жататынын барлық адам біле бермейді.  «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде»: квазимемлекеттік сектор субъектілерге «мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар» деген түсінік берілген.

Заң бойынша, бюджет қаражатын алатын барлық заңды тұлғалар (коммерциялық және коммерциялық емес) ақпарат иеленуші болып есептеледі.  Олар мемлекеттік сатып алулар қатысушылары, мемлекеттік грант алған ұйымдар, мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс жасап отырған кез келген ұйымдар мен кәсіпорындар болуы мүмкін.

Қазақстандық заңнаманың бір артықшылығы – тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығының монополистері болып саналатын нарық субъектілері де ақпарат иеленуші қатарына енгізілген. Оларға нақты қандай ұйымдардың жататынын  «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті» жасайтын  арнайы мемлекеттік реестрден білуге болады.

 

4. Ақпарат иеленушінің құқықтары мен міндеттері

Жоғарыда ақпарат пайдаланушыларға қарағанда ақпарат иеленушілердің міндеттері көп, ал құқықтары аз екенін айтып өттік.  Ақпарат иеленушілердің ең негізгі міндеті – ақпарат таратудың түрлі әдістері арқылы өз қызметтері жайлы ақпаратты мейлінше жылдам әрі толық бөлісу.  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы бойынша, ең бірінші,  ақпарат иеленушілер сұралып отырған ақпарат өзге ақпарат иеленуші құзыретіне кіретін болса, онда өзге ақпарат иеленушіге сұрау салу жіберуге құқылы; екіншіден, өтініш жолдаған адамнан сұрау салудың мазмұнын нақтылауға құқылы; үшіншіден,  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жағдайлар мен негіздер бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқығы бар.

Ақпарат иеленушінің қандай міндеттері бар? Ең негізгі міндеті – өз қызметі жайлы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Ақпарат иеленушілер қоржынында өте үлкен көлемдегі ақпараттар сақталады.  Олар мемлекеттік реестрді тұрақты жүргізеді және өз саласына қатысты дерекқор жинайды. Мемлекеттік құпиялар, құқықтық құпиялар мен «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпараттан бөлек барлық ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы шарт. Осылардың барлығы жинақтала келе, заңнамада «ақпарат иеленуші ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкілеттіктері шегінде қамтамасыз етуге міндетті» деп түйінделген. Басқаша айтқанда, олар ақпарат пайдаланушылардың ақпаратты еш қиындықсыз алуына жағдай жасауы керек.

Мұнда сенім мәселесі де туындауы ғажап емес. Алайда, ақпаратқа қол жеткізу саласында анық және толық ақпарат беру – ақпарат иеленушінің заңда көрсетілген үшінші міндеті.  Берілген ақпараттың нақтылығы, шындыққа сәйкес келуі, растығы ақпарат пайдаланушы  күмәнданбайтындай болуы шарт. Ақпарат жолдаушыларды сәйкестендіру үшін, ақпарат иеленушілер берілетін ақпаратта лауазымды адам туралы мәліметтердің жеткілікті көлемде болуын қамтамасыз етуге де міндетті.

Егер бұрын-соңды ақпарат алуға өтініш жіберген болсаңыз, заңда белгіленген мерзім ішінде жауаптың берілмеуі ең жиі кездесетін заң бұзушылық екенін білетін шығарсыз. Сол себепті, ақпарат берудің заңда белгіленген мерзімдерінің (15 күнтізбелік күн) сақталуын қамтамасыз ету – ақпарат иеленушінің тағы да бір маңызды міндеттерінің бірі.

Өз саласына қатысты ақпарат беру жеделдігі мен жұмыстың сапалы орындалуы – ұйым, кәсіпорын, мекеменің ішкі тәртібінің айнасы деуге болады.  Сол себепті, ақпарат иеленушілердің ақпарат беру және таратуға қатысты маңызды міндеттері  ішкі жағдайларына тікелей байланысты.

Сонымен, ақпарат иеленушілер:

  • өтініштерді жинақтап, қорытындылап, есебін жүргізуге;
  • ақпарат жарияланған интернет-ресурстардың тұрақты, еш қиындықсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
  • ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы лауазымды адамдар мен қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге;
  • ақпарат берудің сапасы мен өз уақытында орындалуына ішкі бақылау жүргізуге міндетті.

Ақпарат беру кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажетті жағдайлар жасау – ақпарат иеленушілердің ерекше назарға алынуы тиіс міндеті. Бұл жерде интернет-ресурс қолданушыларына арнайы нұсқалардың жасалуы (мысалы, көзі нашар көретін адамдарға арналған), ақпараттық стендтердің қолжетімділігі секілді талаптар айтылады. Сонымен қатар, қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмайтын деректерді «Ашық деректер» порталында ашық ақпарат тұрінде тұрақты түрде жариялап тұруға міндетті. Сондай-ақ, кейбір ақпарат иеленушілер атқарылған жұмыстары жайлы халық алдында есеп беруге міндеттелген.