Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Кім ақпаратқа сұрау сала алады және ақпарат ала алады? Ақпарат пайдаланушы, оның құқықтары

1. Ақпарат пайдаланушы деген кім?

Танго биін екі адам бірге билейтіні сияқты, маңызды ақпараттың да баршаға мәлім болуы үшін ақпарат пайдаланушы мен ақпарат иеленуші керек. Заңнамада ақпаратқа сұрау салу құқығы берілген тұлғалар ақпарат пайдаланушылар деп аталады.  Ресми түрде былай: «ақпарат пайдаланушы – ақпаратты сұрататын және (немесе) пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға». Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстанның барша халқы. Сонымен қатар, шет ел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар, бастамашыл топтар және т.б. жатады. Ал, иелігінде ақпараты бар және (немесе) оған иелік ете алатын, оны беруге заң арқылы міндеттелгендер ақпарат иеленушілер деп аталады.

Ақпаратқа сұрау салғанда және ақпарат алғанда Қазақстан азаматтығы мәртебесін растаудың қажеті жоқ.  Осыған балама заңдардың ерекшелігі оларды пайдалана алатын адамдар санына шектеу қойылмайды. Ақпарат алу және оны тарату құқығы Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясында, Қазақстан Республикасы ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіде  және Қазақстан Республикасы Конституциясында белгіленген.  Ал, ақпарат иеленушілер географиялық және физикалық шекараларға қарамастан,  өз қызметі жайлы ақпаратты беруге және халыққа таратуға міндетті.

 

 2. Мигранттар, еңбек мигранттары, пана іздеуші тұлғалар, азаматтығы жоқ тұлғалар және халықтың әлеуметтік осал топтары ақпаратқа қол жеткізу құқығына ие ме?

Кез келген жеке немесе заңды тұлға ақпарат пайдаланушы бола алады. Олар: Қазақстан азаматтары, шет ел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар, мигранттар; барлық ұйымдастырушылық-құқықтық нысанда құрылған  заңды тұлғалар, олардың бірлестіктері, халықаралық ұйымдар.

 

3. Ақпарат пайдаланушылардың құқықтары

Ақпарат пайдаланушылардың біршама құқықтары мен аз ғана міндеттері бар.  Ал, ақпарат иеленушілердің, керісінше құқықтары аз, міндеттері көп.  Сонымен, ақпарат пайдаланушылардың, яғни біздің қандай құқықтарымыз бар екеніне тоқталайық.

Біріншіден, ақпарат пайдаланушылар заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға құқылы. Ол біз ақпарат сұрай аламыз, оны ала аламыз және өзімізге ыңғайлы әдіспен тарата аламыз дегенді білдіреді. Сонымен қатар, ақпаратты алған соң, біз оны қалауымызша қолдана аламыз. Сол себепті, ақпарат пайдаланушыларға ақпарат алу қажеттілігін негіздемеу құқығы берілген. Яғни ары қарай тарату тәсілдері мен дәлелдерін түсіндірмеуге болады.  Екіншіден, ақпарат пайдаланушының ақпарат беру туралы сұрау салумен өтініш жасауға құқығы бар. Сұрау салу ауызша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электронды құжат түрінде берілуі мүмкін. Ақпарат қажет болмай қалса, сұрау салуды кері қайтарып алуға болады. Үшіншіден, біздің алынатын ақпараттың нақтылығы мен толықтығын тексеруге құқығымыз бар. Егер құқығымыз шектелетін немесе бұзылатын болса, ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзатын немесе шектейтін заңсыз әрекеттерге шағым түсіру құқығына да иеміз. Бұл құқықтарды іс жүзінде қалай қолдануға болады?

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету тәсілдері жайлы айтылған. Алайда, тек заңда көрсетілген тәсілдермен шектелмеуге болады. Ақпарат иеленушілер өз қызметі жайлы ақпаратпен мейлінше толық бөлісу мақсатында оны заңда көрсетілмеген болсын кез келген тәсілмен тарата алады. Ақпарат алуда жиі қолданылатын әдістер – ауызша және жазбаша сұрау салу, бұқаралық ақпарат құралдарында  және ақпарат иеленушілердің сайттарында, сонымен қатар «Ашық үкімет» порталындағы ақпаратты пайдалану.

Лауазымды тұлға ақпарат беруден бас тартса немесе ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейтін не бұзатын өзге де заңсыз әрекеттерге жол берсе,  оларға шағым түсіру қарастырылған. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде қолдану керек. Ал, қалайша тиімді қолдануға болатыны жайлы келесі бөлімдерде айтамыз. Заң бұзушылықпен бетпе-бет келген жағдайда, келтірілген материалдық зиянды өтеуді және моральдық зиян келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап ету құқығын да ұмытпаған абзал.

 

4. Ақпарат пайдаланушылардың міндеттері

 Ақпарат иеленушілер «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының талаптарын орындауға міндетті. Мұнда ақпарат иеленушінің құқықтары мен міндеттеріне арнайы бір бап арналған.  Ақпарат пайдаланушы да иеленуші де заңда қарастырылған барлық ақпарат алу тәртібін сақтаулары керек. Мысалы, сұрау салу бойынша ақпарат беру және т.б.