Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Ақпарат алу және тарату әдістері

1. Ақпаратты алу және жариялау әдістері (БАҚ және интернет-ресурстар, ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда ақпарат орналастыру, сұрау салу бойынша, «Ашық үкімет» порталы және т.б.)

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында ақпаратқа қол жеткізудің келесі тәсілдері белгіленген:

1) сұрау салу бойынша ақпарат беру;

2) ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарға орай бөлінген өзге де орындарда ақпарат орналастыру;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік органдар алқаларының отырыстарына қол жеткізуді және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының ашық отырыстарын, оның ішінде бірлескен отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдарының ашық отырыстарын және мемлекеттік органдардың жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларын интернет-ресурстарда онлайн-трансляциялауды қамтамасыз ету;

4) орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау және талқылау;

5) ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;

6) ақпаратты ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында орналастыру;

7) ақпаратты «Электрондық үкімет» веб-порталының тиісті бөлімдерінде орналастыру;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер.

Ақпарат пайдаланушылар тарапынан ниет пен табандылық болса,  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында белгіленген ақпарат иеленушілердің мұндай ауқымды тізімі қажетті ақпаратты әрдайым алуға кепілдік бере алады. Ақпарат алудың екі әдісі заңнамада толық түсіндірілген. Олар:

  • Сұрау салу бойынша ақпарат беру;
  • Интернет-ресурстарда ақпарат орналастыру.

2. Әр әдіске қысқаша түсініктеме. Артықшылықтары мен кемшіліктері.

Өзіңізді қызықтыратын кез келген ақпарат алу үшін ашық және жабық деп аталатын ақпарат көзінің екі түріне жүгінуге болады.  Ашық ақпарат көздеріне ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстары, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар жүргізетін дерекқорлар, реестрлер, кадастрлер, тіркеулер, ғимараттардағы ақпарат жеткізгіштер, үкіметтік ақпараттардың жалпымемлекеттік порталы («Электронды үкімет» және «Ашық үкімет» порталы) жатады.  Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың алқалы органдарының отырыстары мен орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептері де ашық ақпарат көзіне жатады.

Жабық ақпарат көздері – мазмұнында қол жеткізу шектелген ақпарат бар мемлекеттік органдар жүргізетін дерекқорлар, реестрлер, кадастрлер, тіркеулер және ақпараттық жүйелер. Егер ашық ақпарат көздерінен мәліметті еш қиындықсыз ала алатын болсақ, жабық ақпарат көздерінен ақпарат алу үшін ақпарат иеленушіге хат жолдау керек.  Егер ақпарат иеленуші ашық ақпарат көздерінде бұл мәліметтерді орналастырмаған болса, сізге ақпарат иеленушіні «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы талаптарын орындауға міндеттеу үшін,  ақпарат алуға өтініш жолдауға болады.

Мысалы, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамға телевизиялық канал мен бағдарламалар өндірісіне бөлінген бюджет қаражытының жұмсалуы жайлы ақпаратқа сұрау салуда жасалатын әрекеттер реті мынандай:

1-Қадам. Ақпаратты ашық ақпарат көздерінен іздеу:

  • Акционерлік қоғамның интернет-ресурсы (Акционері мемлекет болғандықтан, акционерлік қоғам квазимемлекеттік сектор субъектісі болып есептеледі. Одан бөлек, акционерлік қоғам бюджет есебінен қаржыландырылады. Демек, акционерлік қоғамды бірауыздан ақпарат иеленушілер қатарына жатқызуға болады. 16-баптың 10-тармағына сәйкес,  акционерлік қоғамдар республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты интернет-ресурстарда орналастыруға міндетті).
  • Профильді министрліктердің – бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің интернет-ресурстары (Акционерлік қоғамға өз қызметін жүзеге асыру үшін бюджет есебінен қаржы бөлінеді. Демек, жұмысқа тапсырыс беруші және келісімшарттың екінші тарапы бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып есептеледі. Ал, біздің жағдайда ақпарат саласындағы министрлік. 16-баптың 4-тармағының 1-тармақшасына сәйкес,  мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде интернет-ресурстарында бюджет қаражаты саласындағы ақпаратты: республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын; бюджеттік есептілікті; шоғырландырылған қаржылық есептілікті; мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін жариялауға міндетті).
  • ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік мүлік тізілімі (реестр) (акционерлік қоғам акционерлік жарғысына мемлекеттің қатысуымен құрылады, акциялар пакеті мемлекеттің мүлкі болып табылады. Бұл сайтта есептік және  қаржылық ақпарат, аудит пен мемлекеттік қатысуымен құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік бақылау қорытындылары жарияланады).
  • Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Есептілік және мемлекеттік қаржы-қаражат статистикасы департаменті (Бұл мемлекеттік орган бюджеттердің атқарылуына бақылау жүргізеді және мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы туралы ақпаратты жариялауға міндетті).
  • Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті (Есеп комитеті мемлекеттік бюджеттің атқарылуына мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүргізеді. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі мен бюджет қаржысын алушылар мемлекеттік аудиторлар тарапынан тексеріліп отырады. Бұл туралы толық ақпарат Есеп комитетінің ресми сайтында жариялануы тиіс).
  • «Ашық үкімет» порталының «Ашық бюджеттер» бөлімі. (Сайтта бюджеттік бағдарламалар жобалары мен олардың атқарылуы туралы есептер; бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін қарастырылған бюджет қаражаты, сонымен қатар игерілген қаржы  туралы қажетті ақпарат болуы керек).

 

2-Қадам. Егер бізге керек ақпарат интернет-ресурстарда жарияланбаса немесе толық ақпарат болмаса:

2.1. Жоғарыда аталған ақпарат иеленушілерді «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы ережелеріне сәйкес, бюджет қаржысының атқарылуы туралы ақпаратты жариялауға міндеттеу үшін прокуратура органдарына жүгінеміз;

2.2. Жоғарыда аталған ақпарат иеленушілерге жазбаша сұрау саламыз, өтінішке жауапты он бес күнтізбелік күн күтеміз.  Сұранымға құжаттар тізімін де қоссақ болады. Мысалы, ҚР Есеп комитетіне жолданатын сұранымға  акционерлік қоғам бойынша есеп және мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау қорытындыларындағы анықталған қателіктер туралы ақпарат беру талаптарын қоса жолдауға болады. Сұрау салу үлгісі қосымшада көрсетілген. Келесі бөлімдерде біз сұрау салу жолдарына толықтай тоқталатын боламыз.

2.3. Жоғарыда аталған ақпарат иеленушілер басшыларына блог-платформалар арқылы жазбаша сұраным жолдаймыз.

3-Қадам. Ақпарат иеленушілердің заңсыз әрекеттеріне, шешімдеріне немесе әрекетсіздіктеріне шағым түсіру

Ақпарат беруден заңсыз бас тартылған, ақпарат берілмеген, ақпарат беру мерзімі бұзылған немесе т.б. жағдайларда, ақпарат пайдаланушылар  жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым жасай алады. Дау айту әрекеттері мен прокуратура органдарына шағымдану жолдарына келесі сабақтарда толықтай тоқталатын боламыз.

Ақпарат алудың ең жылдам әдісі – ауызша сұрау салу, мемлекеттік орган немесе  өзге ақпарат иеленуші сайтынан іздеу, «Электронды үкімет» веб-порталынан алу, ақпарат иеленушілер орналасқан ғимараттар немесе осы мақсатқа орай белгіленген жерлердегі ақпараттық стендтер. Ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында болуға міндетті ақпарат тізімі заңда белгіленген.

Ақпарат иеленушілер есептері – қоғамдық маңызды ақпарат алудың, салыстырмалы түрде айтқанда, жаңа әдісі.  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданғанға дейін, жергілікті атқарушы орган басшылары атқарылған жұмыстары жайлы бұқараға арналған есептерін жылына кемінде бір рет өткізуге міндетті болатын.  Қазір орталық атқарушы орган басшылары (ҚР Қорғаныс министрлігін қоспағанда), мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы орталық атқарушы орган, әкімдер мен ұлттық жоғары оқу орындары басшылары халық алдында есеп беруге міндетті.

Ақпарат алудың ең ыңғайлы жолы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы іске асырылады.  Мысалы, мемлекеттік орган басшысының блогына хат жазу немесе өтінішті қағазға жазып, пошта арқылы емес, электронды құжат түрінде жолдау. Ақпарат иеленушілер сайтында, «Электронды үкімет» немесе «Ашық үкімет» порталдарында жарияланған ақпаратты пайдалану ақпарат алудың ең ыңғайлы, ең оңай әрі ең жылдам жолы болып табылады.

Ақпаратқа қол жеткізудің тағы да бір жолы – ақпарат пайдаланушылардың ашық отырыстарға қатысуы. Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және орталық атқарушы органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстары  (жабық отырыстарды қоспағанда) ашық болып табылады. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарын, ал мемлекеттік органдар – жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларын интернет-ресурстарында онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.

Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының халық алдындағы есептері ақпарат таратудың бір әдісі болып саналады. Халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің бекітілген мерзімділігі мынандай:

жыл сайын екінші тоқсан iшiнде –   Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары жыл сайын, екінші тоқсан ішінде өңірлермен бейнеконференцбайланысын ұйымдастыру арқылы, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізеді. Онда елімізде іске асырылып жатқан реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер туралы хабардар етіледі.

Жыл сайын бірінші тоқсан ішінде – Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын, бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізеді. Кездесу барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, оны әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етіледі.

Жыл сайын үшінші тоқсан ішінде – Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл сайын, үшінші тоқсан ішінде халықпен, нақты айтсақ, ата-аналармен, білім алушылармен, жұмыс берушілермен, ғылыми-педагогтармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметінің мәселелері бойынша есеп беру кездесулерін өткізеді.

Орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін дайындауға және өткізуге қоғамдық кеңес мүшелері қатысуы мүмкін. Есептік кездесулердің өтетіні туралы  халықты хабардар етуге де ерекше назар аударылуы керек.  Заңнама талаптары халыққа кездесудің қашан, қайда өтетінін және есептік кездесудің күн тәртібін алдын ала хабарлауға міндеттейді. Сонымен қатар, ақпарат иеленушілер есептік кездесу аяқталған соң,  кездесу барысында талқыланған мәселелердің шешімдері туралы да ақпарат беруге міндетті.

Егер жабық ақпарат көздерінен немесе ашық ақпарат көздерінен табылмаған ақпарат алу үшін сізге жазбаша өтініш жіберу керек. Барлық ақпарат, оның ішінде жазбаша сұрау салуларға жауап тегін беріледі.  Алайда, жауап беруде материалдарға көшірме жасалса немесе басып шығарылса, онда ақпарат пайдаланушы ақпарат иеленушінің қосымша материалдарды басып шығаруға немесе  көшірме жасауға жұмсаған нақты шығындарын өтеуге міндетті.