Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Практикалық тапсырма №2

Практикалық тапсырма №2. Төмендегі практикалық тапсырмаларды орындаңыз және сұрақтарға жауап беріңіз:

  1. Сіздің Алматы қаласындағы арнайы зертханада жасалатын зат – жаңа биохимиялық «қарудың» жасалуы жайлы ақпарат алғыңыз келеді. Сіз оны жасаумен кім айналысып жатқанын, осы уақытқа дейін қанша зат жасалғанын, дайын заттардың қайда және қалай сынақтан өткізілгенін, сонымен қатар, бұл жұмысқа бюджет есебінен қанша қаржы жұмсалғанын және жақын арада жұмсалатынын білмекшісіз. Енді «мемлекеттік құпияның» не екенін еске түсіріңіз, сіз мұндай мазмұндағы ақпаратты ала аласыз ба? Егер ала алмасаңыз, неліктен деп ойлайсыз?

Жауап көрсету
(Жауап: Бұл екіұшты жағдай. Бір жағынан, бюджет қаржысының жұмсаулы жайлы сөз болып жатса, екінші жағынан, биохимиялық «қару» туралы ақпаратта мемлекеттік құпия болуы бек мүмкін. Сол себепті, сізге зертхана жұмысы мен қаржыландыру жайлы мемлекеттік құпияларды жария қылмайтын жалпы ақпарат қана берілуі тиіс)

  1. Соңғы жылдарда шет елдік азаматтар асырап алған қазақстандық балалар және олардың жаңа отбасындағы тағдыры жайлы ақпарат алғыңыз келеді. Сіз мұндай мазмұндағы ақпаратты қорғаншы және қамқоршы органдар, арнайы балалар үйі мен сот органдары тарапынан ала аласыз ба? Қандай ақпарат заңмен қорғалатын құпияларға жататынын еске түсіріңіз. Бұл ақпаратты алуға сіздің мүмкіндігіңіз бар ма? Жоқ болса, неліктен?

Жауап көрсету
(Жауап:  Бала асырап алу құпиялығы  «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінде құқықтық құпия болып қарастырылады.  Оған қол жеткізу шектеулі. Сіз асырап алынған балалар саны секілді жалпы ақпаратты ғана ала алуыңыз мүмкін. Алайда, нақты әр бала туралы ақпаратты ала алмайсыз.

  1. Сіз кішігірім қалада өмір сүресіз. Қаладағы жолдардың бірнеше жыл қатарынан жөнделмегенін жылда бақылап жүрсіз. Билік өкілдері көркейту жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Сіз неліктен бұлай болып жатқанын, жөндеу мен көркейту жұмыстарына бөлінген бюджет қаржысының қайда кетіп жатқанын білгіңіз келеді. Қандай ақпаратқа қол жеткізуге шектеу қойылмайтынын еске түсіріңіз. Сіз бұл ақпаратты ала аласыз ба және неліктен сізге бұл ақпарат міндетті түрде берілуі керек?

Жауап көрсету
(Жауап: Мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпаратқа жатады. Сол себепті, мұндай ақпараттың берілмеуіне ешқандай құқықтық негіз жоқ. Бұл ақпарат ақпарат иеленуші тарапынан жариялануы тиіс және сұрау салу бойынша берілуге міндетті)

  1. Сіздің үйіңіздің бірінші қабатында орналасқан мейрамханаға тексеріс жүргізіле бастады. Ол мейрамхана тұрғындар үшін ыңғайсыз жағдайлар тудырып жүрген болатын. Сіз тексеру қорытындысы бойынша не анықталғанын және тексеру немен аяқталғанын білгіңіз келеді. Сіз тексеру органдарына сұрау салу  керек деп шештіңіз. Есіңізге түсіріңіз, «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпаратқа қандай ақпарат жатады? Сіз өзіңізді қызықтырған ақпаратты ала аласыз ба?

Жауап көрсету
(Жауап: «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпаратқа мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде алынған, бірақ түпкілікті шешімдер қабылданбаған тексеріс нәтижелері туралы мәліметтер жатады. Егер мемлекеттік органдар тарапынан түпкілікті шешімдер қабылданса, сізге бұл ақпарат беруілге міндетті (яғни, тексеру қорытындылары). Егер, түпкілікті шешімдер қабылданбаған жағдайда, ол туралы сізге хабарлануы тиіс. Сұрау салуды біраз уақыт өткен соң, қайта жолдауыңызға болады)