Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Біз қандай ақпаратты ала аламыз? Ақпарат алудағы қолжетімді және шектеулі категориялар

1. Ақпарат деген не?

Заңда ақпарат сөзіне «ақпарат иеленуші алған немесе жасаған, кез келген жеткізгішке түсірілген және оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер» деген түсінік беріледі. «Ақпарат» түсінігінің ауқымы құжат немесе құжатталған ақпаратта белгіленген түсініктен әлдеқайда кең. Қазақстан заңнамасында «ақпарат» сөзіне берілген мұндай түсінік  ендігі уақытта мемлекеттік органдар қабылдайтын құжаттарды, сондай-ақ олардың қызметі жайлы кез келген есепті, сараптамалық, зерттеу, әлеуметтік, статистикалық, құқықтық және т.б. ақпаратты сұрауға және алуға болады дегенді білдіреді.

Сонымен қатар, «ақпарат» тірек сөзінің түсінігіне қатысты негізгі екі факторды есте сақтаңыз. Бірінші, сұралып отырған ақпаратты кез келген жеткізгіште (қағаз немесе балама нұсқаларда, цифрлік және т.б.) сақтау. Екінші, ақпарат иеленуші берген ақпаратты растайтын реквизиттердің болуы. Ол қажет болған жағдайда, ақпарат растығын дәлелдеу үшін керек.

 

2. Қандай ақпаратты және қандай түрде ала аламыз?

Мемлекеттік органның қызметі жайлы ақпараттан бөлек, өтетін жиындар мен кездесулер,  сатып алынып жатқан қызмет түрлері мен тауарлар, қабылданып жатқан шешімдер мен құжаттар, бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқаны жайлы ақпарат, сонымен қатар,  өзіміз жайлы, өзге адам жайлы, басқа да ұйымдар туралы ақпаратты ала аламыз. Әрине, бұл ақпараттар мен деректер заңмен қорғалған мемлекеттік құпияларға жатқызылған ақпарат болмаса ғана қол жеткізе аламыз.

3. Ақпараттың негізгі категориялары: баршаға қолжетімді, қол жеткізу шектелген ақпарат, қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы ақпаратты шартты түрде келесі санаттарға бөледі:

  • көпшілік үшін қолжетімді ақпарат, яғни кез келген адам үшін қолжетімді ақпарат;
  • қол жеткізу шектелген ақпаратмемлекеттік құпиялар, әртүрлі құқықтық құпиялар (жеке басына қатысты, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат), сондай-ақ «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпарат;
  • Қол жеткізуге ешқандай жағдайда шектеу қойылмайтын ақпарат.

 

4. Қандай ақпаратқа қол жеткізуге шектеу қойылмайды?

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында қол жеткізуге ешқандай жағдайда шектеу қойылмайтын ақпараттардың тізімі бекітілген. Олар:

  • азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар. Олардың салдарлары, сондай-ақ дүлей зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдарлары туралы;
  • денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы;
  • терроризм актілерін жасау фактілері туралы;
  • экологияның, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы;
  • жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы;
  • адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервінің мөлшері туралы;
  • мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мәтінін, сондай-ақ олардың жобаларын қамтитын;
  • мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы;
  • мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражаттың жұмсалуын бақылау туралы;
  • ақпарат иеленушілердің, олардың лауазымды адамдарының заңдылықты бұзу фактілері туралы;
  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызылатын ақпаратты қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайды.

 

5. Мемлекеттік құпиялар деген не? Неліктен мемлекеттік құпияларға қол жеткізуге шектеу қойылған?

«Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңына сәйкес,  таратылуын мемлекет жалпы қабылданған халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейтін әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті тиімді жүзеге асыру мақсатымен шектейтін, мемлекет қорғайтын мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын мәліметтер мемлекеттік құпиялар болып есептеледі.

Мемлекеттік құпия – жарияланған немесе жоғалған жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе нұқсан келтіруі мүмкін әскери, экономикалық, саяси және өзге де сипаттағы мәліметтер.

Қызметтік құпия – мемлекеттік құпияның құрамына кіруі мүмкін, жарияланған немесе жоғалған жағдайда мемлекеттің ұлттық мүдделеріне, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтер.

Мемлекеттік құпиялар тізімі №1 Қосымшада көрсетілген.

 

6. Заңнама арқылы қарастырылатын құқықтық құпиялар немесе «кішігірім сырлар»

Жеке тұлғаларға қатысты кейбір ақпаратқа қол жеткізу шектеулі болуы мүмкін.  Жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық, қыз немесе баланы асырап алғаны жайлы ақпарат және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпараттың бөтен тарапқа берілуінен және мүдделі емес тұлғаларға ақпараттың таратылуынан қорғайды. Ол адамға белгілі бір шығын келтіруі немесе зардабын тигізуі әбден мүмкін.

Процессуалдық құпия – тергеу құпиясы, үкім шығару құпиясы, кеңесу бөлмесі құпиялығы және өзге де құпия түрлері. Олар әділ соттылықты жүзеге асыру кезінде тәуелсіздік пен бейтараптықпен қамтамасыз етеді.

Заңнама арқылы қорғалатын құқықтық құпиялар тізімі №2  Қосымшада берілген.

 

7. Ақпараттың «Қызметтік ақпарат» екенін қалай білеміз?

Қол жеткізу шектелген ақпараттың бірі – «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпарат. «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР Заңы  Ақпараттық рәсімдер таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың және мемлекет мүдделерімен байланысты өзге де ақпараттың жария болуына жол бермеуге тиіс деп белгілеген.

Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа мемлекеттік органның жұмысына қатысты, оларды ашық жариялау шешім қабылдау кезінде мемлекеттік органның тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты әкімшілік рәсімдерді сақтау тәртібін бұзуы мүмкін мәліметтер жатады.

Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа құжаттар, істер және басылымдарда жарияланған мәліметтер жатады:

– мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде алынған, бірақ түпкілікті шешімдер қабылданбаған тексеріс нәтижелері туралы мәліметтер;

– ведомствоаралық және ведомствоішілік хат-хабар алмасу немесе мемлекеттік органдардағы кеңестер кезінде алынған, бірақ түпкілікті шешімдер қабылданбаған мәліметтер;

– шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен, оларды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданбаған мәліметтер.

Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын құжаттарға, істерге және басылымдарға «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі («ҚБПҮ» деген белгі) қойылады. Мәліметтерді таратылуы шектелген ақпаратқа жатқызуды орындаушы немесе құжатқа қол қойған тұлға мемлекеттік органда әзірленген қызмет бабында пайдалану үшін мәліметтер тізбесінің негізінде жүргізеді.

 

8. Ақпарат бізге не үшін керек?

Қай салада қызмет етіп жүрсеңіз де, ақпарат сізге ауадай қажет. Журналист, заңгер, адвокат, медиатор болып жұмыс істеп жүрсеңіз де немесе құқық қорғаушы, ерікті, ҮЕҰ өкілі ретінде азаматтық позицияңыз айқын болса да; бюджет ашықтығы, жемқорлыққа қарсы күрес, әскери немесе құқық қорғау органдары қызметі жайлы зерттеу жүргізіп жүрсеңіз де, академиялық ақпараттан қолданбалы ақпаратқа дейін түрлі мәліметтерді пайдаланасыз.

Сонымен қатар, архив мәліметтерін ақтаруға, экология жағдайы туралы білуге немесе қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстардан хабардар болуға мүмкіндік беретін қоғам үшін маңызды кез келген ақпаратпен танысқыңыз келуі мүмкін. Ал, сыртқы қарыздар, экспорттық түсімдер, бюджет шығындарынан бастап өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңызға дейінгі қаржылық ақпараттың маңызы ерекше. Осы сынды мәліметтерді «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң шеңберінде алуға болады.

Ақпарат бостандығы қоғам үшін де, мемлекет үшін де бірдей маңызды. Қоғам ақпараттанған болса, азаматтық ұстанымы да берік болады. Жүргізіліп жатқан саясат, қабылданған заңдар мен шешімдер, салық төлеушілер қаржысының жұмсалуы бойынша ашықтық және есептілікті талап етеді. Нәтижесінде, бұл демократиялық институттарды шыңдайды, жемқорлық деңгейін азайтады, мемлекеттік басқару  сапасын күшейтеді және ел экономикасының инвестициялық тартымдылығын  арттырады. Осының барлығы бірігіп халықтың әл-ауқатын жақсартады. Ақпараттанған болу – өзіміздің өмірімізді, өмір сүріп жатқан ортамыздың жағдайын жақсарту.