Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Ақпарат үшін төленетін ақы және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР заңының өзге де ерекшеліктері

1. Қандай әрекеттер ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу мен (немесе) бұзу болып есептеледі?

Елестетіп көріңіз: сізге қалаңыздағы білім мекемелерін қаржыландыруға бюджет  есебінен қанша қаржы бөлінетіні және қалай жұмсалып жатқаны жайлы ақпарат қажет. Негізі бюджет туралы ақпарат аймақтық білім басқармасының сайтында болуы керек. Бірақ сайтта бұл ақпарат жоқ. Сізге білім басқармасына жазбаша сұрау салуға тура келіп тұр. Бюджет есебінен қанша қаржы бөлінгені жайлы ақпарат берілді, бірақ қалай жұмсалғаны жайлы бір ауыз сөз жазылмаған.

Білім басқармасы сайтында бюджет жайлы ақпараттың болмауы және жазбаша сұранымға қанағаттанарлық жауап ала алмау сіздің ақпарат алу құқығыңызды толықтай пайдалануға мүмкіндік бермейді. Мұндай әрекеттер құқық бұзу немесе ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу болып есептеледі. Бұл лауазымды тұлғалар мен ақпарат иеленушілер үшін Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Ал,  құқықты шектеу заңды болуы мүмкін бе? Иә, мүмкін.  Кез келген құқық секілді, ақпаратқа қол жеткізу құқығы да  заңға сәйкес белгілі бір деңгейде шектелуі мүмкін. Мысалы, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында «қол жеткізу шектелген ақпарат» деген түсінік қалыптасқан. Оған мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар жатады. Алайда, заңда қарастырылмаған өзге шектеулер заңсыз болып есептеледі. Мысалы, хат мазмұнына сәйкес келмейтін ақпарат беру немесе сұралып отырған ақпаратқа қатысы жоқ жауап жолдау және т.б.

Ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзу –  ақпарат иеленушілердің «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында көрсетілген талаптарды орындамауы. Мысалы, заңға сәйкес жергілікті өкілді органдар (мәслихат)  ашық отырыстарын және жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқаларын трансляциялауды қамтамасыз етуге міндетті.  Олардың орындалмауы немесе тек қана жабық түрде өткізілуі ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзу болып есептеледі.

Кез келген заңның күнделікті өмірде тиімді қолданылуы сол заңда немесе сол заңға қосымша заңнамалық актілерде қарастырылған бақылау механизмдеріне байланысты. Бақылау механизмдерінсіз ешқандай заң тәжірибе жүзінде орындалмайды, сол себепті олардың маңызы өте зор.  Егер бақылау механизмдері заңда көрсетілмесе немесе толықтай қарастырылмаса, оның нормалары қанша қатал болғанымен, іс жүзінде ықпалы әлсіз болады немесе ол заң мүлде еленбейді. Ал, ақпаратқа қол жеткізу заңында бақылау механизмдерінің болмауы  ақпаратқа қол жеткізу құқығының ескерілмеуіне алып келуі мүмкін. Ол үкіметтің есептілігі мен ашықтығы, жемқорлыққа қарсы реформаларды жүргізу және мемлекеттік басқару сапасын арттыру деген секілді бірқатар міндеттердің орындалмауына алып келеді.

2. Лауазымды тұлғалар үшін қандай жауапкершілік түрлері тағайындалған? Жауапкершіліктің үш түрі.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында бақылау механизмдерінің бірнеше әдісі қарастырылған.

Біріншіден, мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме басшыларының және өзге ақпарат иеленушілердің «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заң талаптарын қаншалықты орындап отырғанын бақылау. Әсіресе, сұрау салуларға жауап ретінде берілген ақпарат легін бақылауға ерекше мән беріледі.

Екіншіден, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның орындалуына ведомстволық бақылау жүргізу.  Яғни, бір саты жоғары тұрған лауазымды тұлғалар немесе органдар өздерінің қол астындағы қызметкерлері мен бөлімшелерінің заң талаптарын қаншалықты орындап отырғанына бақылау жүргізеді.

Үшіншіден, қоғамдық бақылау мен мониторинг жұмыс істейді. Мысалы,  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңында қарастырылған «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия» сараптама жасау, тыңдаулар өткізу, заңнамалық базаға сараптама жасау және ақпаратқа қол жеткізу индикаторларын зерттеу сынды т.б. қоғамдық бақылау мен мониторингтің кейбір түрлерін жүзеге асыра алады.

Төртіншіден, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы талаптарының орындалуын бақылау  прокуратура мен сот тарапынан анықталады. Демек, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі секілді мемлекеттік құрылымдар өз тарапынан «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы талаптарының орындалуына бақылау  жүргізе алады дегенді білдіреді.

Бірақ бақылау механизмдері болғанымен, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және өзге ақпарат иеленушілер заң талаптарын әрдайым орындамауы мүмкін.

Ақпарат иеленушілер үшін Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасын бұзғаны үшін тағайындалатын жауаптылық шаралары қайта қаралып күшейтілген болатын. Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Заң бойынша ақпарат иеленушілердің ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзғаны немесе заңсыз шектегені үшін жауапкершіліктің үш түрі қарастырылған. Олар: тәртіптік, әкімшілік және азаматтық-құқықтық.

 

1.Әкімшілік жауапкершілік

Әкімшілік айыппұл көлемі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің «Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу» 456-1-бабында белгіленген. Әкімшілік  құқық бұзушылық туралы істер келесі жағдайларда қозғалады:

– ақпарат беруден негізсіз бас тарту және әдейі жалған ақпарат беру;

– интернет-ресурстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында және т.б. жалған ақпарат жариялау;

– қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпаратты қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызу;

Әкімшілік айыппұл көлемі: ең төмен мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ең көбі – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

2.Тәртіптік жауапкершілік

Тәртіптік жаза 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі» мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі» туралы ҚР Заңына сәйкес, ақпаратқа қол жеткізу заңнамасының талаптарын орындамағаны үшін немесе өз деңгейінде орындамағаны үшін белгіленеді. Ол лауазымды тұлғалардың еңбек міндеттеріне кіреді.

Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының  заңдарында белгіленген мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге байланысты шектеулерді сақтамауы.

Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынандай жаза түрлері қолданылады:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс

4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;

5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.

3.Азаматтық-құқықтық жауапкершілік

Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі» реттейді. Ақпаратқа қол жеткізу саласы бойынша шешімдерге, әрекеттерге және әрекетсіздіктерге дау айту  соттан тыс және сот арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Егер мәселе сот арқылы шешілетін болса, талап арыз сот қарауына беріледі және ерекше талап қою істері ережелері бойынша қаралады. Талап арызда баяндалған фактілер расталған жағдайда және сот әрекеттерді, шешімдерді немесе әрекетсіздіктерді заңсыз деп таныған жағдайда, сот талап арыз талаптарын қанағаттандыруға және кінәлі жауапты тұлғаның бұзылған құқықтарды қайта қалпына келтіру бойынша  жауаптылық шараларын қарастыруға құқылы.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтуға жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне):

1) азаматтың құқықтары мен бостандықтары және заңды тұлғаның заңды мүдделерi бұзылған;

2) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның заңды мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;

3) азаматқа немесе заңды тұлғаға қандай да бiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдері мен әрекеттері (әрекетсiздiгі) жатады.

3. Ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзатын немесе шектейтін заңсыз әрекеттерге дау айту мүмкіндіктері. Негізгі үш жолы

Ақпарат иеленушілерге өз қызметі жайлы ақпаратпен бөлісу жүктелген. Жемқорлыққа қарсы реформалар жасау, ашық және халық алдында есепті үкімет құру, заңнама талаптарын ақпарат иеленуші тарапынан орындау маңызды рөл атқарады. Сол себепті, ақпарат иеленушілерге ақпаратқа қол жеткізу заңнамасы талаптарын бұзғаны үшін, ҚР Конституциясында көрсетілген ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін  жауаптылық түрлері белгіленген. Бірақ бұл заңның қоғамға қаншалықты қажет екені ақпарат қолданушылардың жеке тұлғалар, әлеуметтік топтар мен барлық қоғам мүддесі үшін қаншалықты тиімді пайдалана алатынына  байланысты.

Сізге лауазымды тұлға ақпарат беруден бас тартса немесе ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейтін не бұзатын өзге де заңсыз әрекеттерге жол берсе,  мына үш әдістің біреуіне жүгінуге болады:

Бірінші жолы: құқығыңызды бұзған лауазымды тұлғаның басшысына немесе одан жоғары тұрған мемлекеттік органға құқығыңыздың бұзылғанын хабарлап шағым жасаңыз немесе бірден сотқа жүгініңіз. Ақпаратқа қол жеткізу құқығының бұзылғаны немесе шектелгені туралы факті бойынша арыз үлгісі курстың №4 Қосымшасында берілген

Арызда ақпаратқа қол жеткізу құқығыңыз қалай бұзылғанын көрсетіп, бұзылған құқықтарыңыздың қайта қалпына келтірілуін талап етіңіз. Мысалы, қажетті ақпаратты беру (егер сізге ақпарат беруден негізсіз бас тартылса), мемлекеттік органдардың ашық алқаларына қатысуға мүмкіндік, ақпарат иеленушілердің өздерінің интернет-реcурстерінде ақпарат жариялауы және т.б.

Екінші жолы: Егер сіз сотқа жүгінетін болсаңыз,  ақпаратқа қол жеткізу құқығыңыздың бұзылғаны туралы талап-арызыңыз «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің» «Мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару  органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) дау айту туралы», 27-тарауына сәйкес ерекше талап қою істері ережелері бойынша қарастырылады. Назар аударатын бір мәселе, сотқа арыз беру және істің соттың қарауына алынуы және шешілуі үшін жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды тұлғаға алдын ала  жүгіну  міндетті емес. Ақпаратқа қол жеткізу құқығының бұзылғаны азаматқа белгілі болған кезден бастап үш айдан кешіктірмей сотқа шағымдануы керек. Арыз кешіктіріліп өткізілуі де мүмкін.  Шағым түсіру үшін өтіп кеткен артық уақыт мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға немесе сот үшін шағымды қабылдамауға негіз бола алмайды. Мерзімін өткізіп алу себебі шағымды нақты қарай бастаған кезде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

Істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бiр ай мерзiмде сот арызды прокурордың, заңды тұлға өкілінің, шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің немесе олардың өкілдерінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының орны мен уақыты хабарланған тұлғалардың қайсыбірінің сот отырысына келмеуі арыздың қаралуына кедергі болмайды. Мұндай жағдайда сот жоғары тұрған орган немесе лауазымды тұлғаның «сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін» жеке ұйғарым жасауы мүмкін.

Сот ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұзылғаны туралы арызды бір ай уақыт ішінде қарайды.  Арыз бір айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Егер арыз берушінің дәлелдері негізді болып танылса, онда сот жол берілген бұзушылықты толық көлемде жою туралы және азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қайта қалпына келтіру туралы шешім шығарады.  Соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не жоғары тұрған органға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға және прокурорға жіберіледі.

Шешімнің орындалғаны туралы ақпарат сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануы тиіс. Сот шешімін орындамағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауапқа тартылады.

Сотқа шағымдану үшін жасалатын әрекеттер реті курстың  №6 Қосымшасында берілген.

Үшінші жолы – прокуратураға жүгіну. Прокуратура органдарына арыз немесе шағымдар азаматтың тұрғылықты жеріне байланысты беріледі, арыз-шағымда ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнама қалай бұзылғандығы туралы нақты баяндалуы тиіс. Прокуратура органдарынан заңдылықты бұзу фактілері бойынша тексеріс жүргізуді және заңдылықты қалпына келтіру үшін прокурорлық қадағалау шараларын қабылдауды өтіну керек. Курстың №5 Қосымшасында ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамалардың бұзылғаны туралы  арыз үлгісі берілген.