Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Ақпарат бостандығы бойынша негізгі қағидалар. Оларды қалай түсінеміз және қолданамыз?

1. Неліктен «Ақпарат бостандығы бойынша негізгі қағидалар» маңызды болып есептеледі? Ол нені білдіреді және тәжірбиеде қалай қолдануға болады?

Дамыған, демократиялық  немесе демократиялық реформаларын енді ғана бастап келе жатқан кез келген елде өмір сүріп жатқанына қарамастан, әр азаматтың ақпарат алу құқығы орындалуы үшін  ЮНЕСКО ақпарат алу құқығы бойынша негізгі қағидаларды дайындады.  ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының  Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі арнайы мекемесі. Ол БҰҰ-ға мүше барлық елдің үкімет мүшелері мен заң шығарушы органдарына ақпарат бостандығы туралы заңнама дайындағанда осы қағидаларды ескеруді ұсынады. Ол не үшін қажет? Әр азаматтың құзіретіне қарамастан, өзінің ақпарат іздеу, алу және тарату құқығын толықтай орындай алуына мүмкіндік беру үшін керек.

Әлемнің көптеген елдерінде  ақпаратқа қол жеткізу немесе ақпарат бостандығы туралы ұлттық заңнамалар қабылданып жатыр. Бұл заңнамалар әр елде әртүрлі аталуы мүмкін.  Алайда, барлығының мәнісі бір. Ол – ақпарат алу және тарату  тәртібі, формасы және механизмдерін, сонымен қатар, ақпарат алу құқығы бұзылған немесе шектелген жағдайда тағайындалған жауапкершілікті заңнамалық деңгейде  бекіту. Көбіне  мемлекет заңдары, ең алдымен, мемлекеттік органдарды өз қызметі жайлы ақпарат беруге міндеттейді. Бірақ, бұл талаптардың  күші өзге ақпарат иеленушілерге де жүреді.  Олар: коммерциялық және халықаралық ұйымдар; бюджет есебінен қаржыланатын тұлғалар; жергілікті өзін-өзі басқару органдары және т.б. Ақпарат иеленушілер қатары ұлғайған сайын, әр адам өзінің ақпарат алу құқығын тиімді әрі жақсырақ пайдалануына мүмкіндік туады.

Ақпарат бостандығы бойынша негізгі қағидаларды сіз өз бетіңізше қолдана алмайсыз. Алайда, кез келген елде тұратын әр адамның өзіне қажетті ақпаратты алу құқығы мен мүмкіндіктері теңдей болуы үшін мемлекеттердің ақпарат бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу туралы заңдары осы қағидаларға сүйеніп жасалуы керек. Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік басқару органдары әлі күнге дейін өз қызметі жайлы мәліметті ашық түрде жариялаудың орнына, құпия әрі жабық ұстап отыр.

2. ЮНЕСКО ақпаратқа қол жеткізу мен ақпарат бостандығы туралы ұлттық заңнамаларға қосуға ұсынған  «Ақпарат бостандығы» бойынша негізгі тоғыз қағида:

3. Бостандық пен ақпаратқа қол жеткізу туралы ұлттық заңнамалардың жаһандық рейтингі. Қазақстанның рейтингтегі орны.

Сіз ақпарат бостандығы туралы тоғыз қағидамен танысқан соң, олардың әлем елдерінің жергілікті заңдарында қалай көрініс тапқандығын қарастыруға болады.  Бостандық пен ақпаратқа қол жеткізу туралы ұлттық заңнамалардың жаһандық рейтингі (Global RTI-Rating) ақпарат бостандығы немесе ақпаратқа қол жеткізу туралы заңы бар әлемнің 111 елі жайлы мәліметтен тұрады. Солардың қатарында 2015 жылы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң (міндетті түрде, сілтеме арқылы өтіп заң мәтінімен танысыңыз) қабылдаған Қазақстан да бар. Ақпарат бостандығы туралы негізгі қағидаларға толықтай сәйкес келсе,  заң  максималды 150 ұпаймен бағаланады. Алғашқы бестікке Мексика, Сербия, Словения, Үндістан және Албания кіреді.  Ал, Австрия, Лихтенштейн, Филиппин, Тәжікстан, Иран тізімнің соңында орналасқан.

2016 жылы Қазақстан заңы жоғары баға ала алмады, небәрі 56 ұпай жинады. Нәтижесінде, Қазақстан 111 ел арасынан 104-орынға жайғасты. Ол біздің елдегі ақпаратқа қол жеткізу құқығын жүзеге асыруға берілетін құқықтық кепілдікті жақсарту керек және халықаралық стандарттарға сәйкес реформалау қажет дегенді білдіреді.  Халықаралық сарапшылардың пікірінше, мұндай төмен баға беру себебі –  егер ерекше қарастырылатын жағдайлар тізімінде көрсетілмесе,  мемлекеттік органдар қарамағындағы барлық ақпараттың  ашықтығы түсінігі заңда қарастырылмаған.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы барлық ақпараттың ашықтық принципімен берілетініне кепілдік бермейді. Сонымен қатар, негізгі қағидаларда айтылғандай, ережеге бағынбайтын, ерекше қарастырылатын тізім көлемді. Оның орнына «қол жеткізу шектеулі ақпарат», «қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат» деген түрлі санаттар белгіленген.  Қол жеткізу шектеулі ақпаратқа мемлекеттік құпияларға жатқызылған ақпарат пен «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі бар қызметтік ақпарат жатады. Мемлекеттік органдар, өзге ведомство және ұйымдардың иелігіндегі ақпаратты мұндай санаттарға бөлу, мамандардың пікірінше, мемлекеттік билік органдарының құпиялық және жабықтық мәдениетін ашықтық пен айқындық мәдениетіне өзгертуге  ықпал етпейді.  Ал, ол негізгі талаптардың біріне жатады.  Ашықтық пен айқындық, өз кезегінде, мемлекет пен қоғамның жемқорлыққа төтеп беруіне септігін тигізеді.

4. Қазақстанда бұл заңға балама заңдар бар ма?

Мемлекеттік органдар мен өзге де ақпарат иеленушілерден жиі ақпарат сұрауға мәжбүр адамдар Қазақстанда «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға өте ұқсас тағы бір заң бар екендігін білуі тиіс. Ол Заң «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» ҚР Заңы деп аталады. Ол 2007 жылы қабылданды. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңдардың ұқсастығы – екеуі де қазақстандықтарға мемлекеттік органдар мен өзге де ақпарат иеленушілерден қоғамдық маңызы бар ақпаратты сұрауға және алуға  мүмкіндік береді.

Ал, аталған екі заңның қандай айырмашылықтары бар? «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы ақпарат иеленушілердің, бірінші кезекте мемлекеттік органдардың, иелігіндегі ақпарат пен құжаттарды алуға сұрау салуға мүмкіндік береді. Ақпарат пен құжаттарға сұрау салу формасы бірдей, екеуі де сауал түрінде жолданады. Сауал – адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтiнiшi. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы  арқылы сіз өзіңіздің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығыңызды, яғни өзіңіздің конституциялық құқығыңызды жүзеге асырасыз (Қазақстан Республикасының Конституциясы, 20-бап, 2-тарау).

«Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» ҚР Заңына сәйкес, қазақстандықтар мемлекеттік органдарға  өтініш-сауал, шағым, арыз, үн қосу, бейнеөтініш және т.б. жолдай алады.

Азаматтар өзінің келісімін немесе мемлекеттік басқару органдарына шағымдарын білдіре алады, құқықтарының заңсыз шектелгенін немесе бұзылғанын хабарлай алады. Сондай-ақ,  мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, заңнамалық базаны реформалауға қатысты ұсыныстарын жолдай алады. Осылайша сіз өзіңіздің тағы бір конституциялық құқығыңызды орындай аласыз. Ол – мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей жүгіну, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдау құқығы  (Қазақстан Республикасының Конституциясы, 33-бап, 1-тарау).

Қазақстанда сұрау салу және әртүрлі ақпаратты алу ережелерін қандай түрде болса да реттейтін бірнеше заң қабылданғанын және өз күшінде екенін есте ұстаған абзал. Мысалы, журналистер үшін  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы, архив ақпаратын алу үшін «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» ҚР Заңы, экология саласындағы ақпарат алу үшін – «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі».