Онлайн курс

Ақпаратқа қол жеткізу
Басынан аяғына дейін

Ауызша және жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат алу. Ол қалай дайындалады және кімге жолданады?

1. Қандай жағдайларда ауызша сұрау салумен шектелуге болады?

Кейде бізге анықтама ақпарат немесе байланыс деректері керек болады. Бұл ашық ақпарат көздерінен, мысалы, ақпарат иеленуші сайтынан табылмауы мүмкін.  Мұндай жағдайларда жазбаша сұрау салу керек пе? Әрине, жоқ. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңына сәйкес,  мына мәліметтерді ауызша алуға болады:

1) ақпарат иеленушінің жұмыс кестесі;

2) ақпарат иеленушілердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының пошта мекен-жайы, электронды поштасының және интернет-ресурстарының мекен-жайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер;

3) жеке және заңды тұлғаларды қабылдау тәртібі;

4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сұрау салуларын, арыздарын және шағымдарын қарау тәртібі;

5) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі;

6) сот істерін қарау кестелері;

7) ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу күні мен орны туралы мәліметтер;

8) жергілікті қоғамдастық жиналысын шақыру уақыты, орны және талқыланатын мәселелер;

9) ақпарат иеленуші құрған бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтер (болған жағдайда);

10) бос лауазымдар туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері.

Ақпарат ауызша берілсе, жауап берген адамның есімі мен лауазымы хабарланады.

2. Жазбаша сұрау салу қалай дайындалады? Оны жолдау әдістері мен тіркеу.

Анықтама немесе байланыс ақпаратына қарағанда, бізге ақпарат иеленуші иелігіндегі өзге де маңызды ақпарат көбірек қажет болады. Ол бюджет қаражатының жұмсалуы жайлы, қабылданған шешімдер, бекітілген нормативті құқықтық актілер, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы ақпарат, мемлекеттік сатып алулар қорытындылары және т.б. болуы мүмкін. Егер бұл ақпаратты ашық ақпарат көздерінен таба алмасақ,  онда ақпарат иеленушіге жазбаша сұрау салуға болады. Сіздің хатыңызға орай, қол жеткізу шектелген ақпараттан өзге кез келген ақпарат берілуі тиіс. Жоғарыда аталып өткендей, қол жеткізу шектелген ақпаратқа мемлекеттік құпияларға, жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, сондай-ақ «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпарат жатады.

Жазбаша сұрау салуды  №3 Қосымшада берілген үлгі негізінде жасауға болады. Сұраным міндетті түрде осы ретпен жасалуы тиіс:

  • сұрақ жолданып отырған мемлекеттік орган немесе өзге ақпарат иеленушінің толық атауы;
  • ақпарат сұрап отырған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • заңды тұлға атынан өтініш жасалса – заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, шығыс нөмірі және күні, сұрау салуға қол қойған адамның тегі, аты-жөні мен лауазымы;
  • сұрау салу мазмұны: сіз қандай ақпарат алғыңыз келеді, нақты құжаттың реквизиті, сараптамалық, статистикалық, шолу, қорытынды, есептік ақпарат, тексеріс қорытындылары және т.б.;
  • міндетті түрде, сұраным 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабына сәйкес жолданып отырғанын көрсетіңіз;
  • заңда белгіленген ақпарат беру мерзімін  (15 күнтізбелік күн) міндетті түрде көрсетіңіз;
  • мемлекеттік органға немесе өзге ақпарат иеленушіге ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз бұзған немесе шектеген жағдайда қарастырылған жауапкершілік туралы да ескерту артық етпейді. Мысалы, өз уақытында жауап бермеу, жауап беруден заңсыз бас тарту және т.б.
  • егер ақпаратқа қол жеткізу құқығы бұзылған немесе шектелген жағдайда, заңнамада берілген ретпен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетіне шағым түсіретініңізді де көрсетіңіз;
  • сұрау салуда пошта мекен-жайы немесе электронды пошта, телефон немесе телефакс нөмірі, өзге де байланыс деректері көрсетілуі тиіс.
  • жазбаша сұрау салуға жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюы керек (ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес, өкілдік сенімхатпен рәсімделеді). Электронды құжат түріндегі сұрау салу электронды цифрлық қолтаңбамен бекітілуі тиіс.

Жазбаша сұрау салуды қағаз нұсқада толтыруға  немесе электронды құжат түрінде жолдауға болады. Хатты өзіңіз алып барып кеңсеге өткізу де еркіңізде. Сондай-ақ, жазбаша сұрау салуды ақпарат иеленушіге бес түрлі әдіспен жолдауға болады:

1-әдіс. Қағаз құжат түріндегі хатты қарапайым пошта немесе курьер арқылы жолдау. Ол пошта бөлімшелері немесе курьерлік ұйымдар арқылы жүзеге асады.

2-әдіс. «Электронды үкімет» порталының «Электронды жүгіну» сервисі арқылы электронды құжат түрінде жолдау. Сізге сұранымыңызды куәландыру үшін электронды цифрлік қолтаңба (ЭЦП) керек. «Электронды жүгіну» сервисіне мына сілтеме арқылы өтуге болады.

3-әдіс. Кеңсенің электронды мекен-жайына электронды нұсқада немесе ақпарат иеленушінің қабылдау бөліміне жіберу. Барлық мемлекеттік орган сайттарында кеңсенің байланыс деректері: телефоны, мекен-жайы, электронды поштасы көрсетіледі. Сіз электронды цифрлік қолтаңбамен бекітілген электронды хатты кеңсенің мекен-жайына  жолдай аласыз.

4-әдіс. Мемлекеттік орган басшысының блог-платформасына электронды жүгіну түрінде.  Мемлекеттік орган басшыларының блог-платформаларына мына сілтеме арқылы өте аласыз.

5-әдіс. Мемлекеттік  органдар сайтындағы «Сұрақ-жауап» сервисі. Мемлекеттік органдар мен өзге ақпарат иеленушілердің интернет-ресурстарында «Сұрақ-жауап» сервисі міндетті түрде болуы керек. Жолданған өтініштер сұрау салудың дәстүрлі түрдегі қағаз нұсқасымен теңдей  тіркеледі және жауапты тұлға немесе органның қарауына алынады. Мысалы, Алматы қаласы прокуратурасы сайтындағы «Сұрақ-жауап» сервисі.  «Сұрақ-жауап» сервисі арқылы сауал жолдау үшін де ЭЦҚ қажет.

Электронды құжат түріндегі және жазбаша сұрау салулар  кеңседе немесе сауал жолданған ақпарат иеленушінің қабылдау бөлімінде тіркеледі. Ақпарат пайдаланушыға күні мен уақыты, сұрау салуды қабылдаған адамның аты-жөні көрсетілген талон беріледі. Егер сауалыңызды «Электронды үкімет» порталы немесе электронды пошта арқылы электронды нұсқада жолдасаңыз да, сізге тіркеу нөмері беріледі.

3. Сұрау салуға қатысты он сұрақ: сұраным формасы мен өтініш тілі, аноним сұрау салу, сұрау салуға жауап беру мерзімі.

 Сұрау салу қандай болуы шарт? Ақпарат ауызша, электронды құжат нұсқасын қоса алғанда, жазбаша түрде беріледі. Қол жеткізу шектелген ақпараттан басқа кез келген ақпаратты сұрау салу арқылы алуға болады.

Жазбаша сұрау салуда  ақпарат пайдаланушы туралы деректер болуы керек пе? Иә, міндетті түрде.

Жазбаша сұрау салуда:

1) ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі;

2) заңды тұлға атынан өтініш жасалған кезде – заңды тұлғаның толық атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, шығыс нөмірі және күні, сұрау салуға қол қойған адамның тегі, аты-жөні мен лауазымы көрсетілуі тиіс.

Сонымен қатар,  пошта мекен-жайы немесе электронды пошта, телефон немесе телефакс нөмірі, өзге де байланыс деректері көрсетілуі тиіс.

 

Сұрау салу кімнің қолтаңбасымен бекітілуі тиіс?  Жазбаша сұрау салуға жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюы керек. Электронды құжат түріндегі сұрау салу электронды цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.

Сұранымды электронды құжат түрінде жолдауға бола ма? Электронды құжат түріндегі сұрау салу электронды цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. Мемлекеттік орган басшыларының блог-платформасы арқылы жіберілген электронды нысандағы сұрау салу жазбаша сұрау салумен бірдей қаралады.

Мемлекеттік орган басшыларының блог-платформасы арқылы сауал жолдау үшін электронды цифрлік қолтаңба керек пе? Иә, электронды цифрлік қолтаңба міндетті түрде болуы керек.  Сонымен қатар, өтініш иесі «Электронды үкімет» веб-порталының тіркелген қолданушысы болуы шарт. Әрі оның электронды цифрлік қолтаңбасы болуы тиіс.

Жеке деректерді көрсетпей, сұраным жіберуге бола ма? Жоқ. Өкінішке қарай, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес, өтініш иесінің аты-жөні көрсетілмесе,  жауап берілмейді.

Ақпарат алуға өтінішті менің өкілім жолдай ала ма? Иә, жазбаша сұрау салуды жеке немесе заңды тұлға өкілі жібере алады. Жеке немесе заңды тұлға тарапынан сенімхат арқылы рәсімделеді.

Менің өтінішім қанша уақыт қаралады? Жазбаша сұрау салуға жауап ақпарат иеленушіге сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі. Ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кірсе және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге де ақпарат иеленушілерден ақпарат алу керек болса, ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін. Ақпарат пайдаланушыға бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.

Менің сұрау салуыма жауап қалай беріледі? Жазбаша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз немесе электронды нысандарда беріледі.  Ауызша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ауызша нысанда беріледі.

Қандай жағдайларда ақпарат беруден бас тартылады? Ақпарат иеленуші мынандай жағдайларда ақпарат беруден бас тарта алады:

1) егер сұрау салу мазмұны сұратылатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе;

2) егер сұрау салу осы Заңның талаптарына сәйкес келмесе;

3) егер сұратылатын ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылса;

4) егер сұрау салуда ақпарат иеленуші қабылдаған актілерді құқықтық бағалау, ақпарат иеленушінің не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе өзге де талдамалық жұмысты жүргізу аяқталғанға дейін ол туралы мәселе қойылса;

5) мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде жүргізілетін тексерулер нәтижелері бойынша шешімдер қабылданғанға дейін;

6) ведомствоаралық және ведомствоішілік хат-хабар алмасу негізінде немесе мемлекеттік органдардағы кеңестер негізінде тұжырымдалатын түпкілікті шешімдер қабылданғанға дейін;

7) шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан келіп түскен құжаттарды ашу шарттары туралы өзара келісім қабылданғанға дейін бас тартылады.

Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тартылса, бұл туралы хат тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушыға хабарлануы тиіс.

 

Жазбаша сұрау салу қалай дайындалады?